Банктік емес қаржы ұйымдары

Ұзақбай ҚАРАБАЛИН, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ Бас директоры: Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс.

E-mail Басып шығару PDF

Айқын

Атыраудың майға бөккен топырағында туылып, мұнайшылар ортасында өскен ол, әке үлгісімен мұғалім, ана үлгісімен кеңсе қызметкері болып кетуі әбден мүмкін еді. Мектепте өте жақсы оқыған дарқан даланың дарынды ұлына дәрігер, инженер, құрылысшы, тіпті ұшқыш боламын десе де сол жылдары кез келген институттың есігі ашық тұрды. 

Алайда толарсақтан «май» кешіп жүріп, күнде жер қойнауынан «қара алтынды» сапырып жатқан качалкалардың қасынан өтетін ол, иісі қолқаны жарғанмен, экономиканың қаны іспетті осы «қара алтынды» не жек көруі, не жақсы көруі тиіс еді. Болашақ мамандығын ел келешегімен байланыстыра таңдаған оған екінші жол дұрыс көрінді. Сөйтті де Мәскеудегі И.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтына тартып кетті. Осы білім ордасын «Мұнай-газ кеніштерін пайдалану технологиясы және кешенді механизациялау» мамандығы бойынша үздік бітіріп, аспирантурада қалдырылды. Осылай тағы үш жыл ғылыми-зерттеулермен айналысып, тікелей өндірістегі еңбек жолын 1973 жылы «ҚазМұнайГазбарлау» басқармасының Оңтүстік-Ембі экспедициясында мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау бойынша инженер-технолог қызметінен бастады. Содан бері, міне 38 жыл, оның бүкіл өмірі Құдайдың қазаққа берген ерекше байлығының бірі - мұнаймен байланысты өтіп жатыр. Бұл салада ол білмейтін құпия жоқ. Әр жылдары Қазақ геологиялық-барлау мұнай ғылыми-зерттеу институтында бұрғылау технологиясы зертханасының меңгерушісі, институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Прикаспийгеология» аумақтық басқармасының басқарма бастығы, Қазақ политехникалық институты Атырау филиалының кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Геологиялық барлау саласында істей жүріп, Ұзақбай Сүлейменұлы Қазақстанның Каспий жағалауы, Үстірт - Бозашы және басқа бассейндерінде көмірсутек кеніштерін игеруге белсене қатысты әрі барлау ұңғымаларын 6 мың метр тереңдікке дейін бұрғылау технологиясын әзірлеп, өндіріске енгізді. Ол сондай-ақ бұрынғы одақтық «Прикаспийгеология» аумақтық басқармасының басқарма бастығы ретінде Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары мен Ресейдің Астрахань, Волгоград, Куйбышев, Саратов, Ульянов облыстары мен Қалмақ республикасында кең көлемді бұрғылау жұмыстарына жетекшілік етіп, осы өңірлерде бірқатар мұнай мен газ кеніштері ашылды. Кезінде «Қазақойл», «ҚазТрансГаз», «ҚазМұнайГаз», «Маңғыстаумұнайгаз» сияқты үлкен компанияларды басқарды, еліміздің Энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары болды. Қазіргі кезде «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ Бас директоры. 
- Мұнай - менің өмірім, менің тағдырым және осылай болғанына титтей де өкінбеймін. Өйткені мұнай-газ өндірісі қабырғалы сала ретінде экономиканың нығайып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосты. Кешегі қиын кездерде Елбасымыздың ерен еңбегі мен асқақ абырой беделінің арқасында осы салаға тартылған қомақты инвестициялардың арқасында еліміз тығырықтан шығып, қысқа мерзім ішінде әлемге танылған мемлекетке айналды. Биыл 20 жылдығы тойланатын тәуелсіздік жылдарында еліміз қандай жетістіктерге жетіп, қаншама қиындықтарды еңсерсе, оған отандық мұнайшылардың қосқан үлесі қомақты екені мені айрықша мақтанышқа бөлейді.
 
Иә, техника ғылымдарының докторы, Ұлттық инженерлік академияның академигі, елге сіңірген еңбектері үшін «Құрмет», 3 дәрежелі «Барыс» ордендері және бірнеше медальдармен марапатталған Ұзақбай Сүлейменұлы өмірін мұнай саласына арнаған маман, ғалым, өндірісті ұйымдастырушы ғана емес, ол Қазақстан Республикасының «Мұнай туралы» заңының авторларының бірі, шетелдік инвесторлармен келіссөздерді ел мүддесіне орай тиімді жүргізуге, халықаралық және отандық үлкен жобаларды әзірлеуге белсене қатысып, үлкен үлес қосқан отаншыл азамат. Оның басты ұстанымы: «Қай істе де мемлекет мүддесі бәрінен жоғары болуы тиіс!»


Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

 

Қазақстан әлемнің қарқынды дамып жатқан экономиканың үштігіне кірді - E&Y

E-mail Басып шығару PDF

Қазақстан Ernst&Young (E&Y) «Қарқынды дамудағы нарықтар болжамы» бойынша әлемнің қарқынды дамып жатқан экономиканың үштігіне кірді, болжам Oxford Economics институтының көмегімен жасалды, дап хабарлады дүйсенбіде ресейлік "КоммерсантЪ" басылымы.

Қарқынды дамып жатқан ретінде өсімнің жоғары қарқындағы 25 ірі нарық қаралды.

"Соңғы он жылда экономикасы ең қарқынды дамып жатқан Қатар болды, оның нақты ІЖӨ-сі жыл сайын отраша есеппен 13%-ға өсіп отырған. Ары қарай көшбасшылықта - Қытай (Гонгконгты қосқанда)», Қазақстан және Үндістан. Ресей  25-тіктің орташа жылдық ІЖӨ-нің  5%-дық дерлік өсімімен оныншы орында тұр", - деп жазуда "Ъ"

АСТАНА, 24 қаз - Қазақстан жаңалықтары АА.

newskaz.kz

ҚАЗАҚҚА ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯ КЕРЕК ПЕ?

E-mail Басып шығару PDF

Түркістан газеті

Ел болып, етегiмiздi жинаған сәттен бастап, рухани құндылықтарымыз – дәстүрiмiз бен салтымызды құшақ жая қарсы алып жатырмыз. Халықаралық тәжiрибе көрсеткендей, көптеген мемлекеттерде халал индустрияның ауқымды торабы қалыптасып келедi. Оған тек тамақ өндiрiсi ғана емес, сонымен бiрге жеңiл өнеркәсiп, парфюмерия және дәрi-дәрмек өнеркәсiбi қамтылып жатыр. Сонымен қатар, оны белгiлi деңгейге көтеру үшiн банк, бiлiм беру, мәдениет және денсаулық сақтау салалары пайдалануда. 
Жақында ғана «Барахолкадағы» халал-кафелердің бет-пердесіз келбетіне көз жеткізіп, жағамызды ұстаған күйі қалғанымыз есімізде. Базар маңын жаулап алған заңсыз асханалармен күрес те нәтиже бермей отыр. Халал монша, халал базар, халал асхана, халал су, халал бал, бұл аз десеңіз, халал асаба да шығыпты. Бұл мәселе қазірде ғаламтор беттерінде ең көп талқыланып жатқан өзекті тақырыптардың бірі. Әрине, қолдағанынан қолдамағаны өте көп. Егер пікіршілерді халықтың нақ айтары десек, бізге жалпы халал индустрия керек пе деген сұрақ туындайды.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті кәсіпкерлерге «Халал» стандартты 500 сертификат бергені белгілі. Осындай сертификатқа ие болғандардың арасында асаба қызметінің халал түрін ұсынып отырғандар да бар. Қазақстандық халал индустрия қауымдастығының президенті Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, өзгеше тұрпаттағы сертификатты ең бірінші болып, Астана қаласында түрлі концерттік шаралар ұйымдастыру қызметін ұсынатын продюсерлік орталық алған. Халал индустрия қауымдастығы оны продюсерлік орталықтың тамақ өнеркәсібі үшін беріп отыр. Бірақ сертификатқа ие болған кәсіпкер оны өзінің басқа қызметтері үшін пайдалана алады. Оның асаба қызметтеріне де халал стандартын теліп отырғаны сондықтан. Сөйтіп, бұған дейін «халал монша», «халал дүкен» дегендер шықса, енді «халал асаба» пайда болды. «Халал асаба» тойда дәстүрге айналған ұзын-сонар сөз беру, жөнді-жөнсіз әзіл-қалжың айту, ойындар ойнату рәсімдерінің орнына қонақтарға діни тәрбие беріп, түрлі хадистер айтатын көрінеді. Олар, тіпті, тойда ән айтып, би билеуді де шектемекші. Мұсылмандықты берік ұстанатындар ортасында мұндай асабаларға деген сұраныс артып отыр.
 
Ал бірер жыл бұрын Астанада халал су сатыла бастады деген қауесет тараған болатын. Кәдімгі қара суды арнайы қондырғыдан өткізу барысында құранның кейбір аяттары оқылады екен. Міне қызық! Соңғы кезде жиі айтылып жүрсе де, үдеп бара жатқан осындай үрдіс алаңдатпай қоймайды.
«Халал» атауын оңай олжа еншілеу үшін пайдаланушылар көбейіп келеді. «Халал» ұғымымен халықты алдаудың артында не тұр?! Адалдық пен тазалық үшін қолданылуы керек қастерлі ұғым не себептен арзандап, қадірін жоғалтып барады?
Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды» делінген. («Майда» сүресі, 3-аят). Ғаламның 122 мемлекетінде өмір сүретін 1,5 миллиард мұсылман тұтынатын халал мен біздің мүлдем жаңа «тұрпаттағы» халал өндірісіміздің бәсіресі қандай? Шын мәнісінде халал деген танымның өзі тағамға ғана қолданады деуден аулақпыз. Солай бола тұра, халалиндустрияның қалың тұтынушының қай жыртығын жамап отырғандығы жайында сөз қозғайық. Әсіресе ораза уақытында кейбір кәсіпкерлер «Халал», «Мусульманская», «Казахская», «Татарская», «Наурыз» және тағы басқа да белгілерді қойып, өздерінше «халал» өнімдер шығарып, халықты алдап, ақша табудың көзіне айналдырып жатқан жайы айтылып қалады. Мұны жоққа шығарудың өзі «жарасын жасырған өледіге» келе ме қалай? Бұдан кейін Әлемдік «Total Global» халал индустриялы елу елінің қатарына енеміз деп құлшынып отырған Қазақстан Халал Комитеті атқарып отырған істерге байыппен қарау керек секілді. Сауда және индустрия министрлiгi Халал стандарты техникалық комитетiнiң төрағасы Марат Сәрсенбаев «Халал – алдымен Алла тағаланың берген рұқсаты!» деп, қалқалап айтып жатқан сәтте ақшаның дуасына масайраған кейбір ағайын «халал» деген атауды желбіретіп, заңсыз сауда жасап, пайданың көзін тапқан сыңайлы.
 
Республикалық дәрежеде халал өндірісін реттейтін мемлекеттік стандарттың жоқтығынан аталмыш саланың әлі де әлсіз екенін ұғамыз. Қандай да бір өнім өндіруші тұтынушыларды өзіне тарту үшін халал сауда белгісін пайдалануды әдетке айналдырды десек артық айтқандық болмас. Бір сөзбен айтқанда халал көрінгеннің ермегіне, көлденең көк аттының табыс көзіне айналуда.
Еліміздегі «Халал» өндірісінің басы-қасында жүрген өндірушілер мен оны тұтынушылар, бірқатар қоғамдық ұйымдардың Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Қажымханұлы Мәсімовке жолдаған дау-дамайлы ашық хатын да көзіміз көрді. Нақты айтсақ, онда: «...комитет тарапынан халал өндірісімен шұғылданатын кәсіпорындардың жалпы тізімі жасалып, алғашқы кезде сертификат алғандары мүмкіндігінше қадағалауға алынды. Ал, келе-келе бақылау мен қадағалау тоқтады. Содан бері бұл салаға «әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ. Аталмыш комитет тек сертификат бергеніне, онысы үшін кәсіпорын табысынан белгілі пайыз алғанына мәз. Кәсіпорын болса, өнімін өз қалауынша «халал» деген атпен шығарып жатқанына көңілі тоқ. Ал мұның обалы кімге? Осылай жалғаса берсе не болмақ? Онда, «халал индустриясы» деген тек аты ғана қалмай ма?! Мұнан артық көз бояу бола ма?!» делінген.
 

 

Шыңғыс НҰРҒАЗЫ
Алматы қаласы

20.10.2011

 

FacebookMySpaceTwitterDiggStumbleuponGoogle Bookmarks